Жаңа оқу жылы қарсаңында КМҚК «№3 бөбекжай-бақшасында» 2026 жылғы 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, өрттің алдын алу және кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді. «Балапан», «Радуга» мектепалды даярлық топтарының және «Жидек», «Ромашка» ересек топтарының тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің маманы, аға инженер, аға лейтенант А.А. Майлыбаевпен кездесті. Аға лейтенант А.А. Майлыбаев тәрбиеленушілерге өрт сөндіруші және құтқарушы мамандықтарының маңыздылығы, өрт және жалпы қауіпсіздік ережелері туралы айтып берді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын бекітіп, балалардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына бағыт-бағдар берді. Кездесу соңында тәрбиеленушілерге өрт кезіндегі іс-қимыл ережелері жазылған жадынамалар таратты.